Алматыда Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы аталып өтті
Республика сарайында аты аңызға айналған опера әншісі әрі педагог Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті. 75 жылдық шығармашылық жолында халық әртісі қазақ өнерінің символына айналды.
Кешті Александр Беляковтың басқаруындағы эстрадалық-симфониялық оркестр ашты. Концертте «Астана Опера» және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, халықаралық конкурстардың лауреаттары әлемдік және қазақ классикасының үздік туындыларын орындады. «Салтанат» ансамблі кешті «Шашу» биімен көркемдеді.
Ерекше сәттердің бірі Толқын Забированың орындауындағы «Бұлбұл» романсы болды. Концерттің финалында Бибігүл Төлегенова сахнаға шығып, Вердидің операсынан үзінді мен көпшілік сүйіп тыңдайтын «Көктем әнін» орындады.