Алматыда бірнеше көшелердің атаулары өзгермек
Алматы тұрғындары еліміздің көрнекті өнер қайраткерлері - әнші Ермек Серкебаев, актер Юрий Померанцев және Владимир Толоконниковтың құрметіне бірнеше көшенің атын өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы әкімдігі қалалық мәслихаттың шешімі жобасына сәйкес Гагарин даңғылының бір бөлігін Бостандық ауданының Тимирязев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейінгі атын Ермек Серкебаев даңғылы деп өзгерту жоспарланғанын хабарлады. Әуезов ауданындағы Юбилейная көшесіне Владимир Толоконниковтың есімі беріледі.
«Жас қанат» ықшамауданындағы атауы жоқ көшеге композитор Ескендір Хасанғалиевтің есімі берілсе, Бостандық ауданындағы атауы жоқ тағы бір көшеге қазақ театрының аты аңызға айналған Юрий Померанцевтің есімі берілуі мүмкін.
Шешім жобасы Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.