Алматыда франциялық университеттің филиалы ашылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Францияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Лотарингия университетінің филиалы ашылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынды.

Лотарингия университеті Францияның 13 қаласында 49 оқу ғимаратын қамтитын беделді білім беру мекемелерінің бірі. Университет пен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында ынтымақтастық 2018 жылдан бері табысты жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында «Халықаралық құқық» қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылып, көптеген түлектер жоғары сапалы білім алып үлгерді.

Салтанатты ашылу рәсімінде университет ректорының білім гранттары 1-курс студенттеріне табысталды. Сонымен қатар, «Халықаралық құқық» қос дипломды бағдарламасының түлектері Лотарингия университетінің дипломдарына ие болды.

Абай университеті мен Лотарингия университетінің әріптестігі алдағы уақытта да халықаралық білім беру саласын дамытуға және қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі білім беру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталмақ.

Көбірек оқыңыз