Алматыда литвалық өнердің жаңа тынысы ашылады

2025 жылғы 16 маусымда сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде көрнекті литвалық суретші әрі композитор Микалоюс Константинас Чюрлёнистің шығармашылығына арналған «ЧЮРЛЁНИС ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ: ӨНЕР МЕН ӘУЕН ҮЙЛЕСІМІ» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтеді. Іс-шараны музей мен Литва Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Көрменің басты мақсаты — қазақстандық көрерменге Чюрлёнистің көркем және музыкалық мұрасын таныстырып, оның философиялық көзқарастары мен өнер мен әуен арасындағы үйлесімді жеткізудегі шеберлігін көрсету. Экспозицияға суретшінің символистік, мистикалық бағыттағы 20 маңызды туындысы қойылады. Олардың қатарында «Әлемнің жаратылысы», «Теңіз сонатасы» сияқты әйгілі топтамалар бар.

Микалоюс Константинас Чюрлёнис (1875–1911) — Литва тарихындағы аса көрнекті тұлғалардың бірі. Ол тек алғашқы кәсіби суретшілердің қатарында ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениеттің негізін қалаушы ретінде де танылады. Қысқа ғана ғұмыры ішінде ол 300-ге жуық көркем шығарма мен 200-ден аса музыкалық композиция жазып қалдырды. Оның туындылары бүгінгі таңда да литвалық мәдениеттің рухани тірегіне айналған.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының м.а. Сержан Бараханұлы Саров пен Литваның Алматыдағы Бас консулы Гвидас Керушаускас құттықтау сөз сөйлейді. Сонымен қатар Литва консулдығының кеңесшісі Антанас Шатас Чюрлёнистің өнеріне арналған арнайы презентация ұсынады.

Салтанатты кеш барысында қонақтар Чюрлёнистің музыкалық туындыларының сүйемелдеуімен оның шығармашылық әлеміне ене алады. Шара соңында фуршет ұйымдастырылады.

Көрменің жұмыс тәртібі:
17–26 маусым, күн сайын 9:00–18:00 (сейсенбі – демалыс)
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Алматы қ., Самал-1 ықшам ауданы, 44-үй

Бұл көрме — Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени ынтымақтастықты тереңдете түсетін маңызды оқиға болмақ.

көрме
Көбірек оқыңыз