Алматыда Орталық Азия жас суретшілері байқауының көрмесі өтеді

5 елдің авторлары ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бастамасымен және BeWoman Asia жаһандық форумының бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауға қатысқаны үшін стипендия алады.

Аида Әділбек, Қазақстан

Орталық Азияның жас суретшілеріне арналған «Болашақты бейнелеу» («Drawing the Future») халықаралық байқауы қатысушыларының алдында қазіргі заманның басты тақырыптарын – тұлғалық болмыс, трансформация, әйелдің күші, ұжымдық энергия және болашаққа деген жеке жауапкершілікті – кескіндеме, графика, цифрлық өнер, фото, тоқыма және инсталляциялар арқылы жеткізу міндеті тұрды.

BeWoman Asia форумының бас продюсері Алихан Мұсатаев атап өткендей:

«Өнер қашанда адамдарды біріктіретін тіл болып қала береді. Жаңа есімдерге жол ашып, өсуге нақты мүмкіндік беретін бастаманың бір бөлігі болу – бүкіл командамыз үшін үлкен мәртебе. Форумның қамқоршылық кеңесін басқарып отырған ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға идеясы үшін, сондай-ақ жобаның сарапшылар құрамына, «Easy Art» бастамасына ұйымдастыруға қосқан үлесі, стипендия бөлуі және кәсібилігі үшін алғыс айтамыз. Біз бірге тек жарқын арт-жоба ғана емес, мәдениет пен қоғам үйлесімде дамитын болашақтың іргетасын қалап жатырмыз».

Байқауға екі ай ішінде Орталық Азияның бес елінен 445 өтінім түсті. Оның ішінде 254 – Қазақстаннан, 85 – Өзбекстаннан, 56 – Қырғызстаннан, 27 – Түрікменстаннан және 23 – Тәжікстаннан.

Тойлы Чопанов, Түрікменстан

Финалистерді іріктеуді аймақ пен шетелдің жетекші өнер өкілдері кірген халықаралық қазылар алқасы жүргізді. Олардың қатарында тәуелсіз арт-кеңесші және куратор Владислав Слудский, өнертанушы әрі «Art Society» спикері Ольга Батурина, Түрікменстан Суретшілер одағының төрағасы Чарымурат Язмурадов, «Almaty Gallery» директоры Наргиз Алиб, Дубайдағы «Andakulova Gallery»-дің иесі әрі өнертанушы Наталья Андакулова, өнер тарихшысы Екатерина Резникова, арт-менеджер және куратор Александра Филатова, сондай-ақ көрме кураторы Оля Веселова бар.

Жеңімпаздарға алты ай бойы ай сайын 300 000 теңгеден бес стипендия, көрермендер көзайымы жүлдесіне – 1 000 АҚШ доллары көлемінде бір реттік сыйақы және Гран-при иегеріне – халықаралық арт-резиденцияға қатысу құқығы беріледі.

Сарапшылардың шешімі бойынша стипендия иегерлері: Қазақстаннан – Аида Әділбек, Өзбекстаннан – Сардор Эркинов, Түрікменстаннан – Тойлы Чопанов, Қырғызстаннан – Айдана Турумбекова. Арнайы стипендия Түрікменстаннан шыққан суретші Махым Атаковаға берілді. Гран-при – халықаралық арт-резиденцияға қатысу құқығы – Қазақстаннан Интизор Отаниезоваға бұйырды.

Интизор Отаниезова, Қазақстан

Сонымен қатар, байқау жұмыстарының бірі халықаралық әйелдер журналы Marie Claire-дің қазақстандық нұсқасының арнайы шығарылымының мұқабасына шығарылады:

«Мұқаба ретінде біз BeWoman форумының қамқорлығындағы суретшілердің бірінің туындысын таңдадық. Ол Орталық Азия әйелінің – терең дәстүрлері мен болашаққа ұмтылысын қамтитын жинақталған бейнесін көрсетеді, – дейді Marie Claire Kazakhstan журналының бас редакторы Наталья Старостина. – Бұл шығарылым BeWoman форумында жеке жоба ретінде таныстырылып, кейін күзгі санымен бірге жарық көреді. Marie Claire халықаралық «отбасында» мұндай тәжірибе алғаш рет іске асырылып отыр, әрі оның Қазақстаннан басталғаны – біз үшін үлкен мәртебе».

Финалистердің жұмыстарының көрмесі 20 қыркүйекте Наргиз Алиб жетекшілік ететін «Almaty Gallery»-де ашылады. Экспозиция 30 қыркүйекке дейін жалғасып, BeWoman Asia жаһандық форумының бағдарламасының бір бөлігіне айналады.

Еске сала кетейік, BeWoman Asia жаһандық форумы 26 қыркүйекте Республика сарайында өтеді. Қатысушылар қатарында халықаралық спикерлер: Брайан Трейси (онлайн), Рита Макграт (Rita McGrath), Аюми Мур Аоки (Ayumi Moore Aoki), Лиэнн Робертс (Leanne Robers), Владимир Познер, Ирина Хакамада, Игорь және Екатерина Рыбаковы, сондай-ақ Қазақстан, Австрия, Әзербайжан, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Иран, Италия, БАӘ, Пәкістан, Ресей, Сингапур, АҚШ, Тунис, Өзбекстан, Франция және Оңтүстік Кореядан келген танымал сарапшылар мен пікір көшбасшылары бар.

көрме
Көбірек оқыңыз