Алматыда сүт безі обырына қарсы препараттар өндірісі басталды
Алматы фармацевтикалық фабрикасында сүт безі обырына қарсы дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру жөніндегі жоба іске қосылды. Бұл бастама Халықаралық Roche және Нобель компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың нарықтағы үлесін 50%-ға дейін арттыру міндеті қойылған.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстандағы HER2-позитивті сүт безі обырымен ауыратын пациенттерге арналған инновациялық емдеу әдістерін жергілікті деңгейде өндіру. Бұл кезеңде СҚ-Фармация, Нобель АФФ, Roche және ҚазОРҒЗИ арасында келісімге қол қойылған.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атап өткендей, өмірлік маңызды онкологиялық дәрілерді шығару үшін жергілікті қуаттарды дамыту науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға және заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жергілікті өндірісті дамыту инвестицияларды, технологиялар трансферін және жаңа әзірлемелерді тарту арқылы импорттық препараттарға тәуелділікті төмендетеді және дәрілердің бағасын арзандатады.