Алматыда жаңа тұрғын үй бағасы ел бойынша ең жоғары деңгейде
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың маусым айына арналған тұрғын үй нарығы бойынша жаңартылған деректерін жариялады. Мәліметке сәйкес, жаңа тұрғын үйдің ең қымбат шаршы метрі Алматы қаласында тіркелген — 647 728 теңге. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Баға бойынша екінші орында – Астана. Елордада жаңа салынған пәтердің 1 шаршы метрі орта есеппен 593 764 теңгені құрайды. Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 502 636 теңге деңгейінде.
Ең қолжетімді жаңа баспана Орал қаласында орналасқан. Мұндағы 1 шаршы метрдің бағасы – 286 288 теңге. Сондай-ақ Ақтөбеде – 301 175 теңге, Көкшетауда – 331 988 теңге шамасында.
Жалдамалы тұрғын үй бағасы бойынша да Алматы алда тұр. Қалада жабдықталған пәтерді жалға алудың шаршы метрі 5 275 теңгеге бағаланған. Астанада бұл көрсеткіш 4 966 теңгені құрайды. Қарағандыда пәтер жалдау бағасы астанаға жуық – 4 420 теңге. Ал Жезқазғанда тұрғындар жалдамалы баспананың әр шаршы метріне орта есеппен 4 013 теңге төлейді.