Алматыда жаңа заманауи өнер музейі ашылды
2025 жылдың 9 қыркүйегінде Алматы қаласында кәсіпкер, меценат әрі коллекционер Нұрлан Смағұловтың бастамасымен құрылған жаңа мәдени орталық – Almaty Museum of Arts өз есігін айқара ашты.
Музейдің басты миссиясы – заманауи өнер үдерістерін қолдап, зерттеп, олардың әлемдік мәдениеттегі орнын ашу. Бүгінгі таңда мұражай қоры Қазақстан мен өзге елдерден жиналған 700-ге жуық өнер туындысын қамтиды. Көркемдік стратегиясы мен бағдарламасын музейдің көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева әзірлеген.
Ашылу күні екі маңызды жоба ұсынылды. Оның бірі – музейдің өз коллекциясына арналған «Қонақтар» көрмесі болса, екіншісі танымал қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық экспозициясы.

Ресми шара
Салтанатты рәсімге ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ өнер қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Өз сөзінде министр Аида Балаева музейдің жаңа мәдени бастама ретіндегі маңызын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаздық пен жаңашылдық – жастардың патриотизмінің басты көрсеткіші деген үндеуін еске салды. Ол Нұрлан Смағұловтың ел үшін жасап отырған еңбегін үлгі ретінде көрсетті.
«Бұл музей тек өнерді тамашалау алаңы емес, шығармашылық ойдың, жаңа идеялар мен халықаралық диалогтың орталығына айналатынына сенемін. Музей Алматының мәдени өмірін байытып, Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде дамытуға зор үлес қосады», – деді министр.

Архитектурасы мен құрылымы
Жалпы аумағы 10 мың м²-ден асатын музей ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме залдары орналасқан, соның ішінде «Ұлы дала» және «Сарыарқа» залдары ерекше орын алады.
Музейдің орталық кеңістігі Art Street атриумына берілген, оның архитектуралық шешімі Шарын шатқалының табиғи пішіндерінен шабыттанған. Сондай-ақ мұнда кәсіби қор сақтау орны, реставрациялық орталық және жасампаздыққа арналған «Шеберхана» креативті кеңістігі бар.

Коллекция
Музей қорындағы еңбектердің 70%-дан астамы ХХ ғасырдың көрнекті қазақстандық суретшілеріне тиесілі. Атап айтсақ, Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Қисамединов және Шаймардан Сариевтің шығармалары қойылған. Сонымен қатар қазақстандық заманауи өнердің жетекші тұлғалары саналатын Рүстем Хальфин, Сауле Сүлейменова, Саид Атабековтің туындылары да экспозициядан орын алды.
Almaty Museum of Arts коллекциясын толықтыра отырып, Қазақстан мен Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде ұсынуды жалғастырмақ. Жаңа мәдени орталық алдағы уақытта шығармашылық қауымдастықтың тоғысатын алаңы, әлемдік өнер диалогына қазақстандық үн қосатын ерекше кеңістік болуға ниетті.