Алтын Орда мұрасы: Алматыда бірегей көрме ашылды

Мемлекеттік орталық музейде «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме өз жұмысын бастады. Көрмеге Орталық музей, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологиялық коллекцияларынан алынған бірегей артефактілер қойылды. Экспозиция үш ақпараттық кешенге бөлініп, келушілерге Алтын Орда кезеңінің мәдениеті мен тұрмысын тереңірек танысуға мүмкіндік береді.

Алтын Орда – тарихи сабақтастықтың символы

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон сөз сөйлеп, жобаның басты мақсаты – Қазақстанды Алтын Орда империясының тарихи мұрагері ретінде таныту және осы дәуірдің бай мәдени мұрасын дәріптеу екенін атап өтті.

Бұл ойды «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт пен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Айболат Рахманияұлы да қолдап, тарихи сабақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

"Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл мұра – халқымыздың мәдениеті мен бай дәстүрінің айғағы. Алтын Орда дәуірі – біздің ұлттық тарихымыздың маңызды кезеңдерінің бірі", – деді Мұхтар Әбілсейіт.

Археологиялық жәдігерлер мен құнды артефактілер

Көрмеде XIII-XIV ғасырларға тиесілі артефактілер, қалашықтардан табылған көне жәдігерлер, тұрмыстық заттар, металл мен керамика бұйымдары ұсынылды. Экспозицияда археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен Сарайшық қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған артефактілер ерекше орын алады.

Сонымен қатар, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының коллекциялары Жошы хан, Болған ана кесенелерінен табылған бірегей жәдігерлермен толықтырылған. Мұнда:

  • Жошы хан кесенесінің кіреберіс босағасының табалдырығы
  • Күмбездің сәндік бұйымы – «құбба»
  • Сырланған араб жазулы тақтайшалар
  • Жошы ұлысы кезіндегі күміс дирхемдер мен мыс монеталар ұсынылған.

Көрмеге келгендер «Сарайшық» мемлекеттік музей-қорығының археологиялық коллекциясы негізінде табылған шыңылтырлы қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық заттарды тамашалай алады.

Көрме аясында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Талқылауға Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібай, тарих ғылымдарының докторлары Мадияр Елеуов, Жолдасбек Құрманқұлов, профессор Нұрлан Атығаев, сонымен қатар археологтар, музей мамандары, реставраторлар мен мәдениеттанушылар қатысты.

Жиын барысында Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын сақтау, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу және тарихи нысандарды қалпына келтіру мәселелері талқыланып, ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Бұл көрме Алтын Орда кезеңінің мәдени мұрасын зерттеуге қызығушылық танытатын көпшілік үшін маңызды оқиға болып табылады. Экспозиция келушілерге тарихи жәдігерлермен жақынырақ танысып, ұлттық мұраның құндылығын сезінуге мүмкіндік береді.

жаңалықтар Қазақстан тарих
Көбірек оқыңыз