«Алтын қыран-2024» халықаралық оқу-жаттығуының нәтижелері мен қорытындылары
Жетісу облысындағы «Қоктал» полигонында «Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы аяқталды. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңінде Қазақстанның десантшыларынан және Әзербайжан әскерилерінен құралған біріккен отряд заңсыз қарулы құрылымның автокөлік колоннасына қарсы тосқауыл ұйымдастырды.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңін Қазақстанның және Әзербайжанның қарулы күштері бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-полковник Керим Велиев бақылап отырды. Олар барлау ақпаратын дрондар арқылы алу әдістеріне ерекше назар аударды.
Оқу-жаттығулар барысында контингенттердің үйлесімділігі жоғары деңгейде болды. Біріккен барлау отрядының командирі қарсылас қозғалысының ықтимал маршруттарын мұқият зерттеп, автокөлік қозғалысы қиындаған жерді таңдап, олардың маскировкасын жоспарлады. Қабылданған шешімдердің дұрыстығы тосқауылдың тиімділігін және тапсырмалардың дұрыс орындалуын қамтамасыз етті.
Белсенді кезең аяқталғаннан кейін салтанатты түрде оқу-жаттығуларды жабу рәсімі өтті. Осы рәсімде ерекшеленген әскери қызметкерлер екі елдің әскери контингенттерінің командирлерінен алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Десанттық-штурмдық әскерлерінің командирі генерал-майор Алмаз Джұмакиев оқу-жаттығу барысында командалық құрамның жоғары дайындық деңгейін, әскери қызметшілердің физикалық дайындығын және екі ел контингенттері арасындағы өзара әрекеттесуді атап өтті. Ол біріккен отрядтар құру арқылы қазақстандық және әзербайжандық әскери қызметшілердің бірлесіп жұмыс істеуінің тамаша үйлесімділігі мен командалық жұмысын көрсеткенін айтты.