Ақтау маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады
Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Баку – Грозный бағыты бойынша рейс орындаған. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, бортта 62 адам болған: 37-і Әзербайжан, 16-сы Ресей, алтауы Қазақстан және үшеуі Қырғызстан азаматтары.
- Ұшақтағы өрт 12:35-те толығымен сөндірілген. Соңғы мәлімет бойынша, аман қалғандардың саны 28-ге жетті, олардың арасында екі бала бар.
- Ақтаудағы облыстық ауруханаға 14 адам жеткізілді, олардың екеуі – 11 және 16 жастағы балалар. Бес науқас ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта ауруханада 22 адам ем қабылдап жатыр.
- Ұшақ апатына байланысты «Көлік құралын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- Апаттың себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай оқиға орнына барып, құтқару жұмыстарының барысын жеке бақылауға алды.
Зардап шеккендердің туыстары үшін жедел желі ашылды:
8 (7172) 55-96-21 және 8 (7292) 31-90-91 (Ақтау).