Аспанымыздағы жарық жұлдыз сөнбейді...
2018 жылдың жазы қазақ даласының еркін ұланы Денис Теннің қазасымен орны толмас жараға айналды. Арада қаншама жылдар өтсе де, ол халқының жүрегінде. Жаны шығармашылыққа жақын мәнерлеп сырғанаушы спортпен ғана шектелмеген. Денис Теннің арнайы Screenlife Contest байқауы үшін жазылған сценарийі негізінде түсірілген фильм көрермендерге жол тартты.
Кинокартинаның бас продюсері – Тимур Бекмамбетов. Режиссері – Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Чак Че. Фильмнің сюжеті әлеуметтік желіде танысқан жандардың махаббатына құрылған. Басты кейіпкерлердің бірі зағип, бірі мылқау. Өмір кейбір жандардың мүмкіндіктерін шектегенімен, махаббат шартсыз, әрі шектеусіз екенін дәлелдейтін фильм.
Денис Тен бұл сценарийді 2018 жылы Тимур Бекмамбетовтің кинокомпаниясы атынан Screenlife Contest байқауына қатысу үшін жазған еді... Өтінішін спортшы жасырын жолдаған, нәтижесінде ол финалистер қатарынан көрінген.
«Мен Дениске питчингке қатыс деп идея. Сосын ол жасырын түрде өтініш берді. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам өтінім түскен. Нәтижесінде, Мәскеуде өткен халықаралық байқауда Денис жеңімпаз атанды. Біз түсірілімді Лос-Анджелестен бастауды жоспарлап қойғанбыз. Бұл қайғылы оқиғадан бір ай бұрын болған еді. Кейін Денистің анасымен бірге фильмді түсіру керек деп шештік», дейді спортшының досы, атқарушы продюсер Игорь Цай.
Түсірілім жұмыстары 2019 жылдың басында АҚШ-та басталып, үш айға созылған. Халықаралық фильмді түсіруге қазақстандық мамандар да атсалысқан.
«Монтаж жұмыстары ұзақа созылды. Фильмді авторсыз түсіру өте қиын. Оның не айтқысы келгенін түсіну үшін Денис жіберген хабарламаларды оқып, аудиоларды қайталап тыңдауға тура келді. Карантин салдарынан фильмді кейінге шегере бердік. Кейіннен туындыны көрерменге қалай ұсынамыз деп ойландық. Соңында прокатты Қазақстаннан бастаймыз деп шештік», – деді Игорь Цай.
Денис Теннің анасы Оксана Тен ұлының сценарий байқауына қатысқанын туралы қазасынан кейін бірақ білген.
«Бұл мен үшін тосынсый болды. Денистің бұл іске де білек сыбана кірісіп кететіне дайын болғанын түсіндім. Дебютант, әрі кәсіби емес сценарист бола тұра байқауда жеңіске жеткені мен үшін күтпеген оқиға болды. Мұны үлкен сый, үлкен қуаныш санаймын», – деді Оксана Тен.
Фильм screenlife форматында түсірілген. Бұл дегеніміз барлық оқиға компьютер не телефон экранында өтеді. Blind Love (соқыр махаббат) желіде танысқан мүмкіндігі шектеулі бойжеткен мен бозбаланың махаббат оқиғасын баяндайды. Олар күн сайын онлайн сөйлесіп жүріп бір-біріне ғашық болады. Бірақ өздерінің "кемшіліктерін" қалай айтарын білмей дал болады.
«Халықаралық команданың бір бөлігіне айналғаныма, осындай талантты, ұлы спортшы Денис Теннің көзқарасын шындыққа айналдырғаныма қуаныштымын. Сценарийді алғаш оқығанымда жүрегімді қозғады. Түсірілім кезіне жалғыздық сезімі бойымнан кетпеді. Денис Тен өзін дәл солай сезінді деп ойлаймын. Мұны фильмде жеткізе алдық деп үміттенемін»,– дейді оңтүстіккореялық режиссёр Чак Че.
Чак Чені корей киносына тән драматизмді жеткізу үшін таңдаған. Команда Денис Теннің сценариін еш түземеген. Картина ұзақтығы – бар-жоғы 32 минут. Фильмнен Денистің сценаристтік қабілетін көріп, өлең шумақтарын оқып, әнін тыңдауға болады. Сонымен қатар, фильм Оңтүстік Кореяда да таспаланбақ. Денис Тен Жапониядан азаттық алар тұста Корей әскерінің генералы болған Минг Хен-Коның тікелей ұрпағы. Бұл фильм екі елге де ортақ қазынаға арналмақ. Туындыны @chaplincinemas кинотеатрларынан тамашалауға болады.
Денис Тен 2018 жылы 25 жасында көз жұмды. Ол Сочи Олимпиадасында қола медаль иеленген, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. Оның қазақ даласына деген шексіз махаббаты, партиоттық рухы, асқақ армандары көк аспанымыздағы жұлдызын одан әрі жарық етеді. Есімі ел есінде...
Автор: Мөлдір Адамжан
Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан