Астанада Әбіш Кекілбаевтың түрік тіліне аударылған кітабы таныстырылды
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына орай елордада «Кемел тұлға келбеті» атты халықаралық форум өтті. Іс-шара Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумның салтанатты ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Хатта Әбіш Кекілбаевтың жазушылық пен қайраткерлік жолы ерекше аталып өтіп, оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан зор үлесі мен ұрпаққа қалдырған рухани мұрасының маңыздылығы атап өтілді:
«Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі тек жазушылықпен шектелмейді. Ол – мемлекетшіл қайраткер, ел болашағына адал қызмет еткен саясаткер, парасаттылық пен жауапкершіліктің символы. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың қатарында тұрып, ол өз бойындағы асқақ рух пен терең білімді ел игілігі үшін сарп етті. Әбіш Кекілбаев бізге болмысы биік тұлғаның қандай болуы керектігін көрсетті. Оның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру», - делінген құттықтау хатта.
Форум аясында «Әбіш Кекілбаев әлемі» атты фото және кітап көрмесі өтті. Онда қаламгердің шығармашылығын бейнелейтін 150-ден астам туынды мен сирек кездесетін қолжазбалар, сондай-ақ 20-дан астам архивтік фотосуреттер қойылды.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – жазушының «Дәурен кешкен» кітабы мен түрік тіліне аударылған «KUY» кітабының таныстырылымы болды. Бұл оқиға Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын халықаралық деңгейде дәріптеудің тағы бір қадамы саналады. Түрік тілінде жарық көрген кітап қазақ әдебиетінің жауһарларын әлемге таныстырудағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Форум соңында қатысушылар Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгімесі негізінде қойылған спектакльді тамашалады. Қойылымды Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры сахналады.
Бұл форум жазушының бай шығармашылық мұрасын насихаттап, оның идеялары мен рухани құндылықтарын жаңа ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға болды.