Астанада «Турин Кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» көрмелері өтеді

2025 жылдың 1 тамызынан 25 қыркүйегіне дейін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында тарихи және мәдени маңызы зор екі бірегей көрме — «Турин Кебіні» және «Қасиетті кітаптар» көрмелері өтеді. Ресми ашылу салтанаты 1 тамыз күні сағат 15:00-де басталады.

Христиан әлеміндегі аса құнды жәдігерлердің бірі саналатын Турин кебініне арналған көрмеде оның тарихи, ғылыми және рухани мәні жан-жақты таныстырылады. Экспозицияда кебіннің толық өлшемдегі көшірмесі, ақпараттық панельдер мен христиан реликвияларының репликалары ұсынылады. Жоба Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы, ACN International Папалық қоры және өзге де христиан ұйымдарының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Сонымен қатар, «Қасиетті кітаптар» көрмесінде Құран, Інжіл, Таурат пен будда сутралары сынды әлемдік діндердің сирек кездесетін түпнұсқалары мен көшірмелері қойылады. Бұл көрме ҚР Ұлттық музейінің және мәдениет пен дін саласындағы бірнеше ұйымның бірлесуімен өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қос көрме Қазақстанның конфессияаралық келісім үлгісін көрсетуге, мәдениет пен діннің тоғысында тұрған рухани мұраларды насихаттауға және еліміздің жаһандық дінаралық диалог орталығы ретіндегі мәртебесін арттыруға бағытталған.

Көрмелер Бейбітшілік және келісім сарайының екінші қабатында орналасқан:

  • А блогында – «Турин Кебіні»;

  • Б блогында – «Қасиетті кітаптар».

Экспозициялар ақылы негізде ұйымдастырылады. Қосымша ақпарат пен тіркелу үшін: info@religionsdialogue.kz электронды мекенжайына хабарласуға болады.

көрме
Көбірек оқыңыз