Астанада халықаралық сауда көрмесі өтуде

11–13 маусым күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында алғашқы EXPOGOODS CENTRAL ASIA халықаралық форум-көрмесі өтуде. Шараны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашты.

Форумға 9 елден 159 бренд пен компания қатысуда, олардың қатарында Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Пәкістан, Иран, Латвия және Эстония бар. EXPOGOODS-қа бизнес өкілдерімен қатар, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, электрондық коммерция және HoReCa секторының қатысушылары да келді.

Көрмеде ерекше көзге түскен павильон — Қытайдың Цзянсу провинциясына тиесілі. Аумағы 3000 шаршы метрді алып жатқан бұл алаңда Jiangsu Soho Holding Group холдингі ұсынылды. Холдинг 380-нен астам компанияны біріктіреді, 160 елге экспорт жасайды және 100 млрд доллардан астам жылдық айналымға ие.

EXPOGOODS көрмесіне Alibaba, Wildberries, Lamoda сияқты жетекші электрондық сауда платформалары да қатысып отыр. Бұл — отандық өндірушілер үшін жаһандық нарыққа шығуға үлкен мүмкіндік.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр Арман Шаққалиев бұл форумды Орталық Азия мен басқа аймақтар арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтатын жыл сайынғы халықаралық алаңға айналдыруды мақсат етіп отырғанын айтты.

Ол сондай-ақ Қазақстанда соңғы үш жылда онлайн-сауда көлемі екі еседен асып, 2 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті.

«Электрондық сауданың дамуы шағын және орта бизнеске жаңа нарықтарға жол ашып, экспортты арттырады. Біздің мақсат — қазақстандық өнімдерді жаһандық деңгейде ілгерілету», – деді министр.

Форум аясында Astana International Trade Forum өткізіліп, жеткізушілер мен сатып алушылар арасында нақты келіссөздер жүргізілуде.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз