«Ата жолы» картасы: Қазақстан этникалық қазақтарды қолдауды жалғастыруда

Қазақстанда шетелдегі этникалық қазақтарға ұзақ мерзімді тұру және жұмыс істеу құқығын беретін 65 «Ата жолы» картасы табысталды. Оның ішінде 27 карта өз кәсібін дамытқысы келетін бизнес-иммигранттарға, ал 38 карта Қазақстанда сұранысқа ие мамандық иелеріне берілді.

«Қазақтар қай елде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан шетелдегі отандастарымызды қолдау – біздің басты міндетіміз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан этникалық қазақтарды тартуда

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Ата жолы» картасының иегерлері арасында инженер-физиктер, инженер-математиктер, химиялық технологтар, жақ-бет хирургтері, педиатрлар және басқа да мамандар бар. Олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды, Финляндия, Қырғызстан және Өзбекстан секілді елдерден келген.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – шетелдегі қазақтарды тарихи отанымен байланысты нығайту, олардың әлеуетін Қазақстанда жүзеге асыруға мүмкіндік беру және табысты кәсіпкерлер мен кәсіби мамандарды тарту.

«Ата жолы» картасының мүмкіндіктері қандай?

Бұл карта Қазақстан азаматтығын алмай-ақ, елде 10 жыл бойы тұруға, жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Оның иелері қоныстанатын өңірді өз бетінше таңдай алады және Қазақстан азаматтарымен тең құқықтарға ие.

«Ата жолы» картасы иелеріне және олардың отбасыларына берілетін құқықтар:

  • Мемлекеттік медициналық қызметтер мен әлеуметтік төлемдер алу
  • Қазақстан аумағында ресми түрде жұмысқа орналасу
  • Кәсіпкерлік қызметпен айналысу
  • Мемлекеттік мектептерде тегін орта білім алу, ЖОО-да конкурс негізінде тегін оқу
  • Жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу

Алайда «Ата жолы» картасы бар адамдар мемлекеттік қызметке орналаса алмайды, сайлау және референдумға қатысу құқығынан айырылады. Егер картаның иесі Қазақстан азаматтығын алса, онда карта автоматты түрде жарамсыз деп танылады.

Бұл бастама 2023 жылдың шілдесінде ҚР Президентінің тапсырмасымен енгізілген болатын. Ол шетелдегі этникалық қазақтар үшін Қазақстанға кіру және шығу процедураларын жеңілдету мақсатында жасалған.

жаңалықтар Қазақстан
Көбірек оқыңыз