Балалар Қазақстан ішінде тегін ұша алады

Қазақстанда 2022 жылдан бері балалар үшін ішкі туризмді қолдау мақсатында “Kids Go Free” атты жоба іске асырылып келеді. Оның аясында 2–17 жас аралығындағы балалар Қазақстан ішіндегі сапарларда ұшақпен тегін қатынай алады. Бұл жеңілдікті пайдалану үшін ата-аналар ресми туроператорлардан туристік пакет сатып алуы тиіс.

Бағдарлама шартына сәйкес, бала ата-анасымен немесе жақын туыстарымен (ата, әже, аға, әпке) бірге сапарға шығуы қажет. Балалардың авиабилеттері алдымен туроператор есебінен алынып, кейін бұл шығын мемлекет тарапынан субсидияланады.

Маңызды: Егер отбасы жеке жоспармен саяхаттаса, бұл жеңілдік қолданылмайды. Тек ресми туроператор арқылы ұйымдастырылған сапарларға ғана жарамды.

Қатысу тәртібі:

  1. Демалыс бағытын таңдау

  2. Ресми туроператормен байланысу

  3. Туристік пакетті рәсімдеу

  4. Билеттер мен құжаттарды тапсыру

  5. Саяхаттан кейін туроператорға ұшу талонын өткізу

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 176 бала осындай тегін сапарға қатысқан. Ал 2022–2024 жылдар аралығында 5 500-ден астам бала бағдарламаның игілігін көрген.

саяхат
Көбірек оқыңыз