Балқаш көлі туралы бейнеэссе Берлин биенналесінде ұсынылды

2025 жылдың 14 маусымында Берлинде 13-ші заманауи өнер биенналесі ашылды. Биылғы көрме «passing the fugitive on» («қашқынды беру») атауымен өтіп жатыр. Куратор – Заша Колах, көмекшісі – Валентина Вивиани. Көрмеге 60-тан астам суретші қатысып, 170-ке жуық өнер туындысы қойылды.

Биеннале әділетсіз жүйе жағдайында заңдастырылған зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін, милитаризация және экоцид секілді жағдайлардағы ой еркіндігі мен өнердің жаңа ережелер орнату мүмкіндігін зерттейді.

Қазақстан атынан көрмеге Artcom Platform бірлестігі қатысуда. Бұл — 2020 жылы құрылған Balqashqa Qamqor экологиялық қозғалысының негізінде жұмыс істейтін, әйел суретшілерден құралған ұжым. Олар Берлиндегі бұрынғы сот ғимаратында «Balqaş Jyry» атты ерекше бейне инсталляциясын ұсынды.

Туынды Балқаш көлінің экожүйесін, отарлау, күштеп отырықшыландыру, Ашаршылық пен қазіргі заманғы экологиялық және әлеуметтік шиеленістерді зерттейді. Видеоэсседе Балқаштың өзі дауыс пен денеге ие болып, өзінің өмір сүру құқығын қорғап, әділет талап етеді.

Жоба авторы Әйгерім Қапар: «Қозғалмалы бейне — нағыз көшпелі кеңістік, ол даладағы еркін шабандоздың көзқарасын береді», — дейді.
Куратор Заша Колах: «Инсталляция қозғалысты сезінуге итермелейді. Туынды поэзия мен мұрағаттық материалдар арқылы көп дауысты, терең мәнге ие», — деп баға берді.

Инсталляция кеңістікпен де үндескен: Балқаштың басты күретамыры — Іле өзенінің трансшекаралық табиғатын көрсету үшін дала қамысынан жасалған шым шиде жасалған құрылым қолданылған.

Жоба құрамында:
– идея және сценарий авторы – Әйгерім Қапар
– оператор, монтаж, түс өңдеуі – Әсем Сұлтанова
– композитор, дыбыс режиссері, дауыстаушы – Ақмарал Мерген
– анимация және дизайн – Қарлығаш Ахметбек
– продюсерлер – Антонина ван Лиер және Әйгерім Оспан

Туындыны жасауға «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Қазақстандағы Гёте институты қолдау білдірген. Жоба Франциядағы FRAC Poitou-Charentes музейінің коллекциясына да енгізілген.

Сонымен қатар Artcom Platform «Қарапайым батырларға ескерткіш» атты тағы бір туындысын таныстырды. Киізден жасалған бұл мүсін Орталық Азиядағы әділет үшін күрескен жандарға және бүгінгі зорлық-зомбылыққа қарсы тұрғандарға арналған.

Көрме 2025 жылдың 14 маусымынан 14 қыркүйегіне дейін Берлинде, Lehrter Straße 60, Former Courthouse мекенжайында жалғасады.

көрме
Көбірек оқыңыз