«Көлдердің екінші тынысын ашу»: «Бурабай» ұлттық паркіндегі суқоймаларда аэрация жұмысы басталды
«Бурабай» ұлттық паркіндегі көлдерде су аэрациясы жұмыстары басталды, деп хабарлайды парктің баспасөз қызметі. Бұл процесс су айдындарын оттегімен қанықтырып, экожүйенің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Биылғы аэрация жұмыстары Қатаркөл, Жүкей, Текекөл және Үлкен Шабақты көлдерін қамтиды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар судың сапасына және ихтиофаунаға, яғни балықтар мен басқа да су тіршіліктеріне оң әсерін тигізбек.
"Көлдер – тірі организм секілді, олар да күтімді қажет етеді. Егер судағы оттегі деңгейі төмендеп кетсе, балықтар мен басқа да су жануарлары тіршілік ете алмайды. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін жұмыс істеп жатырмыз," – дейді инженер-ихтиолог Нұрман Айтқожин.
Аэрация заманауи әдістер арқылы жүргізілуде. Қызметкерлер суды оттегімен байыту үшін арнайы араластырғыш сорғыларды қолдануда. Сонымен қатар, табиғи факторлар да ескерілген – мысалы, қамыс секілді өсімдіктер суды оттегімен қанықтыруда қосымша рөл атқарады.
Жұмыстар қаңтар айының аяғында басталып, ақпан айының соңына дейін жалғасады. Мамандар бұл шараның тек техникалық процесс қана емес, көлдердің болашағына қосылған маңызды үлес екенін айтады.
"Аэрация – болашақ ұрпаққа қалдырған аманатымыз. Балаларымыз бен немерелеріміз Бурабайдың бірегей табиғатын тамашалай алуы үшін біз осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз," – деді Нұрман Айтқожин.
Бұл бастама тек экожүйені қолдап қана қоймай, көлдерді балықшылар мен туристер үшін де тартымды етеді. Сондай-ақ Бурабай ұлттық паркі Қазақстанның табиғи ғажайыптарының бірі ретінде мәртебесін нығайта түседі.