Дабыл! Энергетикалық сусындар ішпеңіз

Шымкент қаласында бизнес құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында  энергетикалық сусын шығаратын жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары және сауда маркасының құқық иеленушінің өкілдерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында: 21 мыңнан астам құты контрафактілік сусынның дайын өнімдері, тауар белгісі бар 54 мың данадан астам бос банкалар энергетикалық сусынды құюға арналған жабдық, сия бүріккіш жапсырма, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар (лимон қышқылы, кофеин, сода, бояғыштар, қант, қышқылдықты реттегіштер) тәркіленді.

 

Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады. Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы бар.

Бұл өнім тұтынуға жарамсыз, өйткені ол адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.

«ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі»,-делінген хабарламада.

Ендеше, күнделікті ішіп жүрген энергетикалық сусындардың заңсыз жолмен өндірілмегеніне  ешкім кепілдік бере алмайды. Дұрысы өз денсаулығыңызды күтіңіз. Ағзаға келтіретін заиялы туралы біле тұра, өз-өзіңізді уламаңыз.

 

Автор: Мөлдір Адамжан 

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

Көбірек оқыңыз