Дәрігердің қателігі үшін науқасқа сақтандыру төлемі жасалады
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы жаңа заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес, медициналық ұйымдар мен жеке практикамен айналысатын дәрігерлер сақтандыру шартын жасауға міндетті.
Енді дәрігердің кәсіби қателіктері үшін зардап шеккен науқастар сақтандыру төлемдерін алатын болады. Бұл төлемдер пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда төленеді. Сақтандыру төлемін алу үшін пациент немесе оның туыстары медициналық мекемеге шағымдануы тиіс.
Пациенттің зардап шеккенін немесе шекпегенін тәуелсіз сараптама комиссиясы анықтайды. Комиссия құрамында мамандар мен сақтандыру ұйымдарының өкілдері болады.