Елшілік Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынды
Оңтүстік Корея Республикасында әскери жағдай жариялануына байланысты ел аумағында жүрген қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жергілікті билік органдарының нұсқауларына сәйкес әрекет ету ұсынылды. Бұл туралы Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз»,- делінген үндеуде.
Елшілік төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтардың шұғыл байланыс үшін +82-10-6572-9311 нөмірі арқылы елшілікке хабарласуына болатынын мәлімдеді.
Елшілік қазақстандықтарға тәуекел аймақтарынан аулақ болуды, жаңалықтарды мұқият қадағалауды және байланыста болуды ұсынады.