Энергия үнемдеу саласындағы Қазақстан-Германия серіктестігі

Еуропаға жасалған іскерлік сапар аясында қазақстандық бизнес-делегация ғимараттарды декарбонизациялау, құрылыс саласындағы тұрақты даму аспектілері мен Германия мен Қытайдың тәжірибесі жөнінде талқылады. Сапарды ұйымдастырған – «Qazproperty» коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының қатысушылары қауымдастығы және 2000 жылы энергетика саласындағы инновациялар, білім алмасу және саясат әзірлеуге арналған орталық платформа ретінде құрылған Германияның энергетикалық агенттігі (dena).

Германия – энергия тиімділігі мен тұрақты даму саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ел энергия үнемдеу мен көміртек ізін азайтуға ұмтылатын мемлекеттерге үлгі бола алатын бірқатар бастамалар мен технологияларды әзірлеп, енгізді.

Бағдарлама аясында қазақстандық делегация Германияның бірқатар қауымдастықтарымен кездесу өткізіп, көмірқышқыл газының нөлдік шығарындыларына жоспарланған мерзімнен 30 жыл бұрын қол жеткізілген берлиндегі EUREF Campus бизнес-паркімен, сондай-ақ ғимараттарды жаппай энергетикалық жаңғырту жүргізіліп жатқан Марцан-Хеллерсдорф ауданымен танысты.

Алты күн бойы қазақстандық қауымдастықтардың, «Атамекен» ұлттық палатасының және мемлекеттік органдардың өкілдері энергетикалық көшуге арналған зертханаларда болып, кәсіптік оқыту тәжірибесін және энергия үнемдеу бойынша еуропалық заңнаманы зерделеді.

Мысалы, Германияда энергетикалық көшу тұжырымдамасы (Energiewende) қабылданған – бұл көмір, мұнай, газ сияқты дәстүрлі энергия көздерінен бас тартып, жел, күн, биомасса және гидроэнергия сияқты жаңартылатын энергия көздеріне көшуге бағытталған кешенді стратегия. Сонымен қатар, энергия тиімділігі стандарттары мен заңнамалық бастамалар енгізілген. Мысалы, жаңа ғимараттарға оқшаулау мен энергия тиімді жылыту және салқындату жүйелерін қолдануға қойылатын ең төменгі талаптар белгіленеді. Заңнама сонымен қатар өнеркәсіп пен көлік салаларында энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтиды. Еуроодақтағы ғимараттардың энергия тұтынуын реттейтін қатаң директивалардың бірі – Энергетикалық сипаттама бойынша еуропалық стандарт (EPBD), бұл барлық жаңа ғимараттардың «энергия тұтынуы дерлік нөлге тең» болуын талап етеді.

Германияда тұрғын үй қоры 41,4 миллион пәтерден тұрады. Мұндай ауқымды тұрғын үй қорын басқарумен Германияның тұрғын үй және жылжымайтын мүлік компанияларының федералдық бірлестігі – GdW айналысады. Бұл – ұлттық және еуропалық деңгейдегі ең ірі салалық қауымдастық, құрамында шамамен 3.000 тұрғын үй компаниясы бар. Басқарушы ұйым энергия тиімділігі саласындағы стандарттардың сақталуын және инновациялардың енгізілуін қадағалайды. Бұған зерттеу жобалары да, практикалық шешімдер де кіреді: энергия тұтынуды оңтайландыруға көмектесетін ақылды желілер (smart grids) мен ақылды есептегіштер (smart meters) технологиялары, қоршаған ортадан (мысалы, ауадан немесе жерден) жылу алатын жылу сорғылары, ғимараттарды жылыту және салқындатуға арналған шешімдер, күн панельдері мен жел турбиналары арқылы экологиялық таза энергия өндіру сияқты.

«Германия тәжірибесін зерделеу кездейсоқ таңдалған жоқ. Біз Қазақстанда енгізуге дайын көптеген пайдалы құралдармен таныстық. Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді. Бұл – өнеркәсіп пен құрылыс салаларына қойылып отырған кешенді міндет. Әрине, бұл бағытта мемлекет тарапынан ынталандыру шаралары бар – ғимараттарды жаңғыртуға, энергия тиімді жүйелер орнатуға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға арналған субсидиялар мен несиелер, сондай-ақ тұрақты технологияларға инвестиция салатын және көміртек ізін азайтатын бизнеске арналған салықтық жеңілдіктер мен басқа да қаржылық қолдау түрлері қарастырылған. Мұның бәрі мультипликативтік әсер береді», – деді «Qazproperty» коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығы қатысушылары қауымдастығының төрағасы Константин Глушко.

Германия тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттарда энергия тиімді технологияларды енгізуді белсенді түрде қолдайды. Бұл – жылу жоғалтуды айтарлықтай азайтатын оқшауланған терезелер мен қабырғаларды, жылу сорғылары, конденсациялық қазандықтар мен күн коллекторлары сияқты энергия тиімді жылыту жүйелерін, сондай-ақ күн батареялары секілді жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қамтиды.

Сондай-ақ халық арасында энергия тиімділіктің маңыздылығын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұған білім беру бағдарламалары, энергия үнемдеу мен тұрақты мінез-құлықты насихаттау бойынша ақпараттық науқандар, сондай-ақ энергия тиімділігі саласындағы мамандарды даярлау кіреді.

Бизнес жаңалықтар
Көбірек оқыңыз