Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған концерт өтеді
8 наурыз күні сағат 18:00-де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдық мерейтойына арналған концерт өткізеді.
Концерт бағдарламасында: ән және романстар кеші. Мерейтойлық кеш екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде рояль және аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалатын әндер мен романстар көрермендерге жанрдың сұлулығын тереңінен сезінуге мүмкіндік береді. Концерттің екінші бөлімінде Е. Хасанғалиевтің әйгілі әндері бэнд пен камералық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалады. Сондай-ақ, іс-шара барысында «Атамекен», «Сағындым сені», «Әдемі-ау», «Гүлсезім», «Бозторғайым», «Айлы түн», «Жапырақтар жайқалады» және басқа да көркем туындылар шырқалады.
- Композитордың ел арасында танылған 60-қа жуық әндері бар. Ал бұл концерттік бағдарламада ән-романстары қамтылып отыр. Мен 3 жылдай уақытымды әкеме арнап, кітап жаздым. Кітапта әкемнің өмірі мен шығармашылығы, әншілік қыры, композиторлық таланты, қандай ақындармен шығармашылық байланысты болды, одан бөлек адамдық болмысы мен тұлға ретіндегі бейнесін ашуға тырыстым. Кітап 11 бөлімнен тұрады. Жалпы алғанда ол кісінің әндері әр түрлі бағыттағы тақырыптарға арналған. Тек эстрадалық, патриоттық және лирикалық әндер ғана емес, сонымен қатар романс жанрына да көп көңіл бөлген және осы бойынша бірнеше музыкалық туындылар жазды. Романс әндері туралы ән-жинақ та шығардым. Бұл концертті сол жинақтағы романс әндерді насихаттау және жалғасы деуге болады. Мен өзім әрдайым айтып жүремін. Ескендір Хасанғалиевтың үні, оның әндері қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады, - деді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев.
Ескендір Хасанғалиев тыңдармандардың жүрегін тек дарынды автор әрі жарқын әуендердің орындаушысы ретінде ғана емес, сондай-ақ көптеген танымал хит әндері арқылы да жаулап алды. Композитор өзінің шығармашылық палитрасында шынайы сезімдер мен идеялардың тереңдігін аша отырып, романстарды да қамтыды.
Оның шығармашылығы қазақ музыкасының тарихындағы тұтас дәуірді қамтиды. Композитордың жазған әндері елдің мәдени мұрасының бір бөлігіне айналып, халықтың сүйіспеншілігіне және оның танылуына ие болды.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаттары Ибрахим Амин, Нұрсұлтан Әнуарбек, Талғат Аллабиринов және Нұрсезім Саматқызы қатысады.
Музыкалық сүйемелдеу: фортепианода - «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Дина Мирманова.
Концерт ерекше форматта өтеді: көрермен залының мүлдем басқаша орналасуы, яғни қонақтарға сахна төрінен тікелей орын алуға мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс әрбір орындаушының сезімдерін тереңірек түсінуге және өнердің сиқырлы сәттерімен бөлісуге мүмкіндік береді.