«Еуразия» кинофестивалі: жаңа үрдістерге жол ашатын алаң
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі салтанатты түрде ашылды. Фестивальдің ашылуына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Бұл хатты іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева оқып берді.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында «Еуразия» фестивалінің әлемге қазақстандық мәдениетті танытудағы бірегей жоба екенін атап өтті. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – ол қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
«Кинематография адамдарды шығармашылыққа шабыттандырып, жоғары адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейді, сонымен қатар қоғамның мәдени деңгейін арттырады. Сондай-ақ ол түрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтады», – делінген Президент құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық кинематографияның дамуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда қазақстандық фильмдер беделді халықаралық байқауларда мойындалып келеді. Сенімім мол, «Еуразия» фестивалі жаңа шығармашылық жобаларға жол ашып, көрермендерді адамгершілік құндылықтар мен рухани тереңдікке жетелейді», – деді Президент.
Министр Айда Балаева фестивальді Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мәдени бренді деп атап, отандық киноиндустрияны жүйелі түрде дамыту мен заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Фестиваль 24-30 қараша аралығында өтеді, оған 15-тен астам елдің өкілдері қатысуда. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастыруда.
Байқау бағдарламасына үш құрлықтың әртүрлі елдерінен – Бангладештен, Оңтүстік Кореядан, Австрия мен Катардан келген 12 фильм енген. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан қатысушылар өз жұмыстарында жаһандық тақырыптарды жергілікті ерекшеліктермен үйлестіріп көрсетеді.
«Еуразия» кинофестивалі жаңа туындыларды ұсынумен қатар, әртүрлі мәдениеттерді тоғыстыратын диалог алаңына айналды. Қатысушылар мен көрермендер кино өнерінің әртүрлілігін тамашалап, мәдени және адами байланыстардың маңыздылығын сезіне алады.
«Еуразия» фестивалі қазақстандық және халықаралық киноиндустрияның дамуына ықпал етіп, жаңа идеялар мен есімдердің ашылуына мүмкіндік беретін маңызды оқиға болып қала береді.