Еуропалық басылым Қазақстан туралы арнайы шығарылым жариялайды

Белгілі еуропалық «Porschist Magazine» журналы алғаш рет Қазақстанға толық нөмірін арнайды. Арнайы шығарылым 2026 жылғы наурызда жарық көреді.

Өмір салты мен автокөлік мәдениетіне арналған басылым Қазақстанды заманауи сәулеті мен бай табиғаты, мәдени мұрасы арқылы шетелдік аудиторияға тартымды туристік бағыт ретінде таныстыруды көздейді. Журналдың түсірілім тобы Алматы, Астана, Түркістан қалаларын, сондай-ақ Алматы мен Ақмола облыстарындағы көрнекті орындарды аралады.

Объективке Іле Алатауы, Шарын шатқалы, Бурабай ұлттық паркі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен-сарай», Бәйтерек монументі және Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты нышандар түсті.

Жобада автокөлік тақырыбына да ерекше мән берілген: бүгінде Қазақстанда кемінде 5000 Porsche көлігі тіркелген. Бұл автоиндустрия мен туризмді ұштастыратын жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Kazakh Tourism» ҰК басшылығының мәлімдеуінше, журнал арнайы шығарылымды өз қаражаты есебінен әзірлеуде, ал ел ішіндегі логистика өңірлік туристік кеңселер мен жеке серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылған.

Жоба ҚР Бельгиядағы елшілігінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Серіктестер қатарында Air Astana, Almaty Tourism Bureau, Visit Alatau, Open Turkistan, Visit Astana, Visit Aqmola, Porsche Centre Astana және Porsche Club Kazakhstan бар.

«Porschist Magazine» бұған дейін Үндістан, Австралия, Сауд Арабиясы мен Кюрасао елдеріне арналған арнайы нөмірлер жариялаған. Журнал Франция, Бельгия, Нидерланды, Швейцария сынды елдерде кең таралады.

Қазақстан жаңалықтар
Көбірек оқыңыз