EXPO 2025: Қазақстан Осакада өз павильонын таныстырды

13 сәуірде Жапонияның Осака қаласында Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі ресми түрде ашылды. Ауқымды халықаралық іс-шара 158 ел мен 9 халықаралық ұйымның қатысуымен өтуде. Көрменің басты тақырыбы – «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру». Бұл идея үш бағыт арқылы жүзеге асады: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру».

Көрме Юмешима атты жасанды аралда орналасқан. Ашылу салтанатына Жапония императоры Нарухито мен премьер-министр Сигэру Исиба қатысты. Қазақстан делегациясын Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев басқарды.

Қазақстан павильоны «Өмірді біріктіру» тақырыптық кластеріне орналастырылып, Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Иран, Әзірбайжан және басқа да елдердің павильондарымен көршілес орналасқан. Павильонның тұжырымдамасы – шаңырақ бейнесіндегі заманауи цифрлық кеңістік. Мұнда 3D мэппинг, иммерсивті проекциялық шоу сияқты интерактивті аймақтар арқылы қонақтар елдің мәдениеті, тарихы мен болашағымен танысады. Экспозицияның әрбір элементі – Қазақстанның инновациялық, туристік, экологиялық және экономикалық әлеуетін таныстыруға бағытталған.

Қазақстан павильонында инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Табиғи ресурстар, «жасыл» энергетика, тұрақты даму мен медицина саласындағы жетістіктер көрме қонақтарына ұсынылды. Соның ішінде «Heart Center Foundation» әзірлеген ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы да таныстырылды. Бұл медициналық технология донорлық органдардың денеден тыс өміршеңдігін сақтауға, диагностика жасауға және емдеуге мүмкіндік береді, оның ішінде онкологиялық аурулар мен реплантацияға дейінгі ағзаларды сақтау да бар.

Көрменің ашылу күнінде Қазақстан павильонында ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақ халқының дәстүрі мен қонақжайлылық мәдениеті паш етілді. EXPO – жетістіктерді таныстырумен қатар, халықаралық әріптестікті нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдетуге арналған маңызды жаһандық алаң ретінде бағаланады.

жаңалықтар Қазақстан мәдениет
Көбірек оқыңыз