Ғашықтар күні: ел бойынша жүздеген неке қиылды

15 сәуірде атап өтілетін Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні – Қазақстандағы Ғашықтар күні ретінде қалыптасқан маңызды дата. Биыл бұл күнде ел бойынша 500-ден астам жұп некелерін ресми түрде тіркеді.

АХАТ бөлімдерінің мәліметіне сәйкес, ең көп неке қию рәсімдері Алматы, Астана және Түркістан облыстарында тіркелді. Бұл өңірлер жыл сайын некелесетін жұптар саны бойынша алдыңғы қатарда келеді.

Сондай-ақ елімізде 2025 жылдың бірінші тоқсанында барлығы 23 835 неке тіркелгені белгілі болды. Бұл санның да басым бөлігі дәл осы үш аймақтың үлесінде.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні махаббат пен мәңгілік сезімнің символына айналып, жастар үшін отбасын құруға қолайлы әрі ерекше күн ретінде танылып келеді. Қазақ халқының фольклорындағы ең танымал махаббат дастанының құрметіне белгіленген бұл күн соңғы жылдары жас жұбайлар арасында кеңінен танымал бола бастады.

Мамандардың айтуынша, мұндай күндер отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және қоғамда махаббат пен сенім идеясын нығайтуға ықпал етеді.

жаңалықтар Қазақстан
Көбірек оқыңыз