«Идеяны табысқа айналдыру» финалы: қазақстандық оқушылар өз стартаптарын ұсынады
15 наурыз 2025 жылы Satbayev University қабырғасында «Идеяны табысқа айналдыру» байқауының ашық финалы өтеді. Қазақстанның үздік оқушылары әлеуметтік және технологиялық мәселелерді шешуге бағытталған өздерінің инновациялық жобаларын таныстырады. Финалда 9 команда, 9 болашағы зор стартап бақ сынап, қоғам мен нарықты өзгертуге дайын идеяларын ұсынады.
Байқауды «1С:Клуб программистов» ұйымдастырып, оған «1С Казахстан» және «1С-Сапа» қолдау көрсетеді. Бастамаға Satbayev University, AlmaU, МУИТ, МИТУ секілді жетекші жоғары оқу орындары серіктес болды. Шара онлайн режимде де көрсетіледі: YouTube Live.
«Идеяны табысқа айналдыру» дегеніміз не?
Бұл – жай ғана бағдарламалау жарысы емес. Бұл – оқушыларға өздерінің бизнес-жобаларын жасап, іске қосуға, инвестиция тартуға және қоғамның маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін алаң. Соңғы 5 жылда байқау жүздеген дарынды оқушыны біріктіріп, болашағы зор ондаған стартапқа қолдау көрсетті. Жеңімпаздары UCLA, Berkeley, ВШЭ, МИСИС және Қазақстанның үздік университеттеріне оқуға түсті.
2025 жылғы финалистер – болашақты өзгертетін технологиялар
Биылғы финалда өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар ұсынылады:
- Work4Teen – жасөспірімдерге жұмыс табуға көмектесетін платформа.
- EcoTrack – қайта өңдеу және қоқыс жинау жүйесі.
- BARYS – Қазақстандағы туризмді дамытуға арналған цифрлық экожүйе.
- AuroraAI – психологиялық көмек көрсететін чат-бот.
- MLT – мигранттарға жаңа ортаға бейімделуге көмектесетін қосымша.
- GREENCI – аллергия белгілерін бақылауға арналған сервис.
- Kindle – волонтерлер үшін жобаларды ұйымдастыру және үйлестіру алаңы.
- Schub – шынайы жобаларға қатысушыларды іріктеу жүйесі.
- QUAKE&Save – төтенше жағдайларға дайындалуға арналған қосымша.
Бұл жобалар қазақстандық оқушылардың бүгіннен бастап қоғам үшін маңызды шешімдер жасап жатқанын көрсетеді.