Іле жағасында 30 тонна қоқыс жиналды
Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Іле өзені бойында ауқымды сенбілік өтті. Бұл шара Іле маңындағы экологиялық жағдайдың қаншалықты күрделі екенін нақты көрсетті. Бір күн ішінде өзен жағасынан 30 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Табиғаты көркем, туристер жиі баратын «Көшпенділер қаласы» мен «Тамғалы-тас» шатқалы бүгінде бейберекет тасталған пластик, шыны, тағам мен құрылыс қалдықтарының ортасына айналған. Жауапсыз демалушылар мен инфрақұрылымның жоқтығы Іле экожүйесіне тікелей қауіп төндіріп отыр.

Тазалық жұмысына 600-ге жуық адам қатысып, жиналған қалдықтар арнайы техника көмегімен шығарылды. Пластик пен шыны бөтелкелер, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары – негізгі жиналған қоқыс түрлері.
«AMANAT» партиясы бұл мәселені бір реттік сенбілікпен шешу мүмкін емес екенін атап өтті. Партия облыстық экологиялық кеңесте бұл түйткілді жүйелі түрде көтеруді жоспарлап отыр. Туристік аймақтарға арнайы мәртебе беру, қоқыс жәшіктерін орнату, бейнебақылау жүйесін енгізу және құқықбұзушыларға жаза қолдану сияқты ұсыныстар әзірленуде.
Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев:
«Біз табиғат ластанғаннан кейін емес, ластанбай тұрып әрекет етуіміз керек. Қазір Іле бойындағы жағдай – ескерусіз қалған аумақтың нақты көрінісі. Өзен жағасы қоқысқа көміліп жатыр. Демалушылар артынан ештеңе жинамайды. Қазан-ошақ пен тағам қалдықтары өзенге ағып, қоршаған ортаға тікелей зиян келтіріп отыр. Егер жүйелі шешім қабылданбаса, жақын арада бұл жер қайтадан қалдық астында қалады. Мәселе – қоқыстың көлемінде емес, жүйесіздікте. Бұл аумақта инфрақұрылым атымен жоқ. Қоқыс жәшігі де, бақылау да, жауапты мекеме де қарастырылмаған», – деп атап өтті.
Шараға еріктілер де белсенді қатысты. «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Медет Бекбергенов өткен жылы дәл осы аумақтан екі мәрте 10 тоннадан астам қоқыс жиналғанын еске салды. Алайда тұрақты жүйе болмаса, бұл жұмыстардың нәтижесі уақытша екенін айтты.
Іле өзенін тазарту — облыс көлеміндегі кешенді экологиялық бастамалардың бір бөлігі ғана. Жалпы аймақ бойынша 373 елді мекенде 80 мыңнан астам адамның қатысуымен 38,9 мың түп ағаш отырғызылып, 150 санитарлық тазалау және 120 ақпараттық түсіндіру шарасы өткізілген.