Иван Стадничуктің жеке көрмесі ашылады
2025 жылғы 9 сәуір күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның белгілі суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Иван Стадничуктің (1913–2000) жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Көрме суретшінің туғанына 112 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Экспозицияда автордың отбасылық топтамасынан және Қастеев музейінің қорынан алынған 50-ден астам кескіндеме мен акварель туындылары ұсынылады.

Стадничуктің шығармашылығы – бұл жарқын әрі қуанышқа толы тұтас бір әлем. Өткен мен бүгінге бағытталған композициялар, көңіл күйі әртүрлі портреттер, пейзаждар мен натюрморттар – бәрі де табиғатпен үндесіп, бояу түрлерінің жарқырауында жарысқандай әсер қалдырады. Әрбір қылқалам ізі суретшінің ішкі темпераментін, эмоциясы мен шабытын паш етеді.
И. Стадничуктің шығармашылығында акварельдік туындылар ерекше орын алады. Ол бұл техника арқылы пейзаждардағы жарық пен ауа кеңістігін, натюрморттардағы заттардың материалдылығын, сүйікті гүлдерінің натуралистік көрінісін шебер жеткізеді. Пион гүлінің салтанатты шоғы немесе нәзік түймедағымен жасалған қарапайым букет болсын – барлығы тірі секілді бейнеленген. Иван Яковлевич Стадничук 1913 жылы Украинадағы Бердычев қаласына жақын орналасқан Халаимгородок ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қызыл Жұлдыз орденімен және КСРО медальдарымен марапатталған. Өзбекстанда – Бұхарада, Самарқанда, Ташкентте өмір сүрген.

Белгілі мүсінші Я. Кучиспен кездесуі оның суретші болуына себепші болған. 1940 жылы Ташкент көркемсурет училищесін аяқтап, Ленинградтағы И. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтының кескіндеме факультетіне оқуға түскен. Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі М. З. Рудаковтан тәлім алған. 1952 жылы Алматыға көшіп келіп, Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, Абай атындағы ҚазПИ-де сабақ берген. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, ағартушылық қызметпен айналысқан. Қазақстан Суретшілер одағының шығармашылық және қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқан.
Суретші өмірінің маңызды бөлігі – 30 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік еткен «Жұма» әуесқой суретшілер студиясын ұйымдастырумен байланысты. Ол Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Станокты кескіндеменің барлық жанрында еңбек еткен. Суретшінің жұмыстары Қастеев атындағы өнер музейінің қорында, сондай-ақ әлемнің әртүрлі елдеріндегі музейлер мен жеке коллекцияларда сақталған.
Көрме 2025 жылғы 4 мамырға дейін жалғасады.
Кураторы – аға ғылыми қызметкер Лаура Әбілдаева.