Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер
Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстардың көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Садуақасов, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Қатар елшісі Абдулла Хусейн Джабер, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Канада дипломатиялық миссиясының басшысының орынбасары Дэвид МакКиннон, Оман дипломатиялық миссиясының басшысының орынбасары Талал Әл Якуби, Қырғызстан елшілігінің үшінші хатшысы Эрнис Абдирашитов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен туристік сала мамандары қатысты.
Көрме көшпенділер мәдениетіне терең үңілуді қамтамасыз етеді. Қазақстанның танымал фотографтары Анзор Гасаев пен Александр Кузнецов, Ұлыбританиядан келген Коннор МакНил (TheFella) және мажарстандық режиссер Карачонь Шандордың ерекше туындыларын көруге болады. Бұл шығармалар көшпенділер өмірінің сирек сәттерін және әлемнің әр түрлі жерлерінен алынған таңғажайып пейзаждарды ұсынады.
Көрме бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген:
Көшпенділер әлеміне кіріспе: Қазақстан көшпенділерінің табиғаты мен күнделікті өмірін бейнелейтін фотосуреттер.
Көшпенділер рухы: Көшпенділердің дәстүрлері, рәсімдері және табиғатпен өзара байланысын көрсететін суреттер.
Көшпенділер және табиғат: Көшпенділер мен табиғат арасындағы үйлесімділікті көрсететін фотосуреттер.
Саяхат және зерттеу: Көшпенділердің зерттеу рухын айқындайтын деректі суреттер.
Көрме 2024 жылдың 17 қыркүйегіне дейін жалғасады.