LRT пойыздарының өндірісі басталды

Қытайдың Таншань қаласында астаналық жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесіне арналған алғашқы пойыздар өндіріле бастады. City Transportation Systems 27 ақпанда өндіріс барысын көрсетіп, жаңа вагондардың дизайнын таныстырды. Компанияның мәліметінше, «CRRC Tangshan Co., Ltd» зауытына 19 құрамға тапсырыс берілген.

Ұзындығы 60 метр болатын пойыздар GOA 4 деңгейіндегі толық автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталады. Бұл жүйе пойыз есіктерінің ашылып-жабылуын, қозғалысты, депоға кіру мен шығуды, техникалық жағдайды бақылауды және пойыздар арасындағы қашықтықты реттеуді өз бетінше орындайды. Яғни, жүргізушінің қатысуынсыз жұмыс істей алады.

Төрт вагоннан тұратын құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Салондарда органосиликатты былғары мен шыны талшықты композиттік материалдар қолданылып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Көліктер заманауи ақпараттық жүйелермен жабдықталады: сыртқы және ішкі таблолар, маршрут картасын, станциялар мен есіктің ашылу жағын көрсететін LCD-мониторлар, сондай-ақ төтенше жағдай туралы ақпарат беретін жүйе орнатылады.

Астананың күрделі климаттық жағдайы ескеріліп, пойыздың алдыңғы әйнегі температураны реттей алатын электрлік жылыту жүйесімен жабдықталады. Қазіргі уақытта алюминийден жасалған корпус элементтерін дайындау және дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы құрамдар мамыр айының соңына қарай дайын болады. Қыркүйекте пойыздар елордаға жеткізіліп, сынақтан өткізіледі.

жаңалықтар
Көбірек оқыңыз