Люксембург Ұлы Герцогіне сенім грамоталары тапсырылды
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Ұлы Мәртебелі Люксембург Герцогі Анриге сенім грамоталарын тапсырды. Рәсім Герцогтің ресми резиденциясы, «Palais Grand – Ducal» сарайында өтті. Бұл туралы елшіліктің ресми парақшасында хабарлады.
Қазақстандық Елші рәсім аяқталып Монархтың аудиенциясына қабылданғаннан кейін екі мемлекет арасындағы екіжақты қатынастарды, ҚР-ЕО және Орталық Азия-ЕО алаңдарындағы көптарапты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Қазақстандық дипломат елдегі қазіргі жағдай, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы баяндады. Герцог Анри өз тарапынан Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға және ҚР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларға қолдау білдірді. Ол Қазақстанның өңірлік өлшемдегі маңызды рөлін атап өтіп, қазақстандық және люксембургтік бизнес-қоғамдастық арасындағы белсенді ынтымақтастыққа ниетті екенін хабарлады.
Сондай-ақ, сапар аясында Қазақстан Елшісі Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулы Бенедикт Соботкамен кездесу өтті. Нәтижесінде мәдени және сауда-экономикалық жобаларды ілгерілету бойынша екіжақты нақты іс-шаралар айқындалып, маңызды мәселелер талқыланды. Кездесу қорытындысы ретінде 2022 жылға жоспарланған іс-шараларға қол қойылды.
Қазақстан мен Люксембург өзара саяси диалог пен экономикалық байланыстарды қарқынды дамытуда. Люксембург Премьер–министрі Ксавье Беттель Қазақстанға 2015, 2017 жылдары екі мәрте келген болатын. Люксембургтің Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясының ағыны 2021 жылы 171,5 млн. АҚШ долл. құрады. Арадағы географиялық қашықтыққа қарамастан, мәдени байланыстар белсенді дамуда. Люксембургте фото-көрмелер өткізу, қазақстандық фильмдер көрсету және концерттер ұйымдастыру сияқты шаралар мәдени ынтымақтастықты нығайтуға біршама ықпал етеді. 2021 жылы «Әлем қазақстандық балалардың көзімен» тақырыбындағы мүмкіндігі шектеулі жас қазақстандықтардың шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру және Люксембургте Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған пошта маркасын шығару сияқты мәдени жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырды.
Ынтымақтастықтың қазіргі әлеуеті екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Биыл 29 маусымда Қазақстан мен Люксембург дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту бағытында айтарлықтай қадамдар жасалуда.
Автор: Мөлдір Адамжан
Фотосурет ©2022 Maison du Grand-Duc меншігі болып табылады. Барлық құқықтар сақталған.