Мальдив Республикасындағы Қазақстан елшілігіне жаңа елші тағайындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдерде жаңа елшілер тағайындады. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Әділұлы Жалғасбаев Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Сонымен  қатар, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Болатұлы Сүгірбаев Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Айта кететіні, ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім жобасы дайындалуда.

Ресми құжатқа сәйкес, жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші тарап мемлекетінің аумағына бір реттік немесе көп реттік кіруге, шығуға, транзитпен өтуге, олар келген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде уақытша баруға визалық талаптардан босатылады.

Алайда, 30 күнтізбелік күннен астам мерзімге іскерлік мақсатпен, жұмысқа орналасу немесе оқу үшін келгендер мемлекеттің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алуы керек.

Келісім жобасы 4 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.

 

Автор: Мөлдір Адамжан

Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

 

Көбірек оқыңыз