Мэй Маск Ортаазиялық «BeWoman» форумында денсаулық және гендерлік теңдік мәселелерін талқылайды
17 қазанда Алматыда Республика сарайында өтетін Ортаазиялық «BeWoman» әйелдер форумы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Форумда 10 елден келген 50-ден астам спикер, 6 панельді сессия және 6 воркшоп ұсынылады.
Форумның басты қонағы ретінде модель және диетолог Мэй Маск шақырылды. Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Масктың анасы болатын Мэй Маск сұхбат форматында 45 минуттық сессияда денсаулық, тамақтану, қартаю, гендерлік теңдік, баланы жалғыз тәрбиелеу, қиындықтарды жеңу және өзіне сенімділік мәселелеріне қатысты өз тәжірибесі мен кәсіби көзқарастарымен бөліседі.
Мэй Маск 45 жылдан астам уақыт бойы тамақтану саласында кең аудиторияға қызмет көрсетіп келеді. Ол Оңтүстік Африка диетологтарының кеңес беруші қауымдастығының алғашқы өкілі, Канада диетологтарының кеңес беруші директоры және АҚШ тамақтану және диетология академиясының диетология саласындағы кәсіпкерлер басшысы болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, АҚШ-та «Диетология саласындағы үздік кәсіпкер» марапатына ие болды.
15 жасынан модель болып жұмыс істеген Мэй Маск 60 жасында Таймс-скверде төрт жарнамалық биллбордта бейнеленіп, рекорд орнатты. 69 жасында CoverGirl брендінің ең жасы үлкен моделі болды, ал 73 жасында Dior Beauty амбассадоры ретінде танылды. Сонымен қатар, Мэй Маск АҚШ-тағы мектептер мен қоғамдастықтарға өз тамағын өсіру бойынша көмектесетін Big Green коммерциялық емес ұйымның қызметіне белсенді қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен 3500-ден астам қатысушыны тартады. Қатысуға ниет білдірген барлық адамдар жасына және мамандығына қарамай шақырылады. Форумға тіркелу ашық, орын саны шектеулі. Қосымша ақпаратты шараның ресми bewoman.asia сайтынан алуға болады.