Мемлекеттік гранттан қағылған талапкерлерге қосымша 500 грант бөлінді

Жоғары оқу орнына түсу үшін берілетін мемлекеттік грант конкурсының нәтижелері 10 тамызға дейін жарияланады деп күтілуде. Ал егер талапкер негізгі гранттан тыс қалса, тағы бір мүмкіндік бар.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған қосымша 500 білім грантын бөлді. Бұл гранттар қайырымдылық бағдарламасы аясында бір реттік тәртіппен беріледі.

Грант кімдерге арналған:

  • ауылдық, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға;
  • мүгедектігі бар азаматтарға;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққандарға;
  • 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балаларына;
  • Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған балаларға.

Бағдарламаға қатысу үшін талапкердің жасы 29-дан аспауы тиіс. Бұл гранттар екінші жоғары білім алуға және онлайн-оқуға берілмейді.

Грант иегерлерінің тізімін ЖОО-лар өз ішіндегі конкурстық комиссия шешімімен бекітеді. Үміткерлер биылғы ҰБТ-дан шекті балл жинап, шығармашылық емтихандардан өткен болуы қажет.

білім
Көбірек оқыңыз