Мұхтар Әуезов туралы деректі фильм Еуропада көрсетілуде
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм Франция мен Германияның бірлескен «Arte France» қоғамдық телеарнасында көрсетіле бастады. Бұл арна 1990 жылы екі ел арасындағы мәдени және ақпараттық ынтымақтастық аясында құрылған және Еуропада кеңінен танымал.
Фильмнің авторы – белгілі журналист Анна Луссуарн. 2023 жылы түсірілім тобы арнайы Қазақстанға сапар жасап, жазушының туған жері Абай ауданында, сондай-ақ Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында болып, зерттеу жүргізген. Сондай-ақ, фильм авторлары «Әуезов үйі» директоры Диар Қонаевпен сұхбат жазып алған.
Ғаламторда қолжетімді қысқа деректі фильмде Мұхтар Әуезовтің шығармашылығының әлемдік әдебиетке ықпалы айқын көрсетілген. «Абай жолы» роман-эпопеясы, қазақтың кең даласы, ұлттық дәстүрлері, музыкасы мен өмір салты фильмде ерекше орын алады. Бұл деректі жоба бір ай бойы «Arte France» телеарнасында тұрақты көрсетілмек.
Мұндай халықаралық деңгейдегі жоба қазақ әдебиетінің жауһарларын әлемге кеңінен таныстыруға үлкен мүмкіндік береді.