Мырзекен Құсымжановқа құрмет: Алматыда мемориалдық тақта ашылды

 

Алматыдағы П.Чайковский көшесінде Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзекен Құсымжановқа арналған мемориалдық тақта ашылды. Салтанатты жиынға еліміздің медицина саласының майталмандары мен ардагер дәрігерлер қатысты.

Мырзекен Құсымжанов 1932 жылы 5 ақпанда Абай облысының Абралы ауданында дүниеге келген. Ол – бұл өңірден шыққан тұңғыш кәсіби дәрігер. Жергілікті халыққа жан-жақты медициналық көмек көрсетіп, алғашқы аурухананың ашылуына ұйытқы болды. Хирург, акушер, педиатр ретінде бір өзі бірнеше қызметті қатар атқарды.

Дәрігерлік қызметінде ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол 1983-1996 жылдары ҚР Әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болды. Осы жылдары зейнетақы реформасын жүзеге асырып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлкен үлес қосты.Мырзекен Құсымжановтың зайыбы, өмірлік серігі Шәмшия Нығметқызы Канбаева денсаулығына байланысты жиынға келе алмаса да, LED экран арқылы жүрекжарды естелігін жолдады. Ол жарының ел үшін атқарған өлшеусіз еңбегін атап өтіп, дәрігер тапшылығы кезінде жалғыз өзі хирург, акушер, педиатр ретінде мыңдаған науқасқа көмектескенін еске алды. Сондай-ақ, аудандарда медициналық қызметтің дамуына, ауруханалар мен перзентханалардың ашылуына ықпал еткенін ерекше атап өтті.

Мемориалдық тақтаның ашылуында медицина саласының көрнекті тұлғалары Асқарбек Құсайынов, Қадыр Омаров, Кеңес Үшбаев, Болатбек Нәсенов, Василий Девятко, Зұлқайыр Мансұров, Вячеслав Локшин сынды ғалымдар мен дәрігерлер жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Мырзекен Құсымжановтың ұрпақтары – Сүният Құсымжанов пен Жанара Құсымжанова жиналған қауымға шынайы алғыстарын білдірді. Өз ісіне адал дәрігер, халқына жанашыр тұлға Мырзекен Құсымжановтың есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.

жаңалықтар тұлға Қазақстан мәдениет
Көбірек оқыңыз