Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай Алматы мен Астанада ауқымды мәдени шара өтеді
13 сәуір күні Алматы мен Астананың ең танымал қоғамдық орындарында Қазақстанның Халық Қаһарманы, көрнекті композитор және дирижёр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған ауқымды мәдени жоба жүзеге асырылады.
MEGA сауда ойын-сауық орталықтарының үш алаңында бір мезгілде 160-тан астам музыкант Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармаларын орындайды. Жобаның мақсаты – композитордың ұлттық мәдениетке қосқан үлесін дәріптеу және кең аудитория арасында қазақ өнеріне қызығушылықты арттыру.

Негізгі шара MEGA Alma-Ata орталығында өтеді. «Отырар сазы» оркестрі 59 музыканттың қатысуымен концерт қояды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, композитордың қызы Динара Тілендиева жетекшілік етеді. Айта кетейік, «Отырар сазы» оркестрін Нұрғиса Тілендиев 1980 жылы құрған және бұл – еліміздегі алғашқы ұлттық аспаптардан құралған мемлекеттік фольклорлы-этнографиялық оркестр.
Сол уақытта MEGA Park алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі (40 музыкант), ал Астанадағы MEGA Silk Way алаңында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі (65 музыкант) өнер көрсетеді.
Іс-шараның басталуы — 16:00.
Өтетін орын: MEGA Alma-Ata, ашық амфитеатр.
Қосымша ақпарат және аккредитация үшін:
PR-менеджер, MEGA Management коммуникациялар департаменті — Жантали Нұрғали, +7 747 975 2641