Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын басқаратын болды

Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті болып сайланды. Бұл шешім ұйымның 2024 жылғы қорытынды отырысында қабылданды.  

2018 жылдың наурыз айынан бері федерацияны басқарған Даниал Ахметов өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.  

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Даниал Ахметовке атқарған жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, Ольга Рыпаковаға жаңа қызметінде сәттілік тіледі.  

«Федерацияның президенті енді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сайланды. Ольга Сергеевна отандық жеңіл атлетиканы дамытуға зор үлес қосты. Ол еліміздің спортын жаңа белестерге көтеретініне сенімдіміз», — деп жазды министр.  

Жиын соңында Ербол Мырзабосынов жаңа президентке жеңіл атлетикада халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, спортшылар мен жас резервтерді даярлауға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Көбірек оқыңыз