Омбыда ҚазҰУ филиалы салтанатты түрде ашылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин бейнеконференция режимінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы мемлекеттік университеті базасында ашылған алғашқы филиалының ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский екі ел арасындағы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы баяндамалар жасады.
Мемлекет басшылары филиалдың ресми ашылуына бастау берді. Салтанатты жиынға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев және ОмГУ ректоры Сергей Замятин қатысты.
ҚазҰУ-дың Ресейдегі алғашқы филиалына студенттерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйегінде басталады. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерге 200 грант бөлді. Филиалда бакалавриат пен магистратура деңгейінде «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау жоспарлануда. Алдағы уақытта қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру мәселесі қарастырылатын болады.
Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Сабақтарды ҚазҰУ мен ОмГУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ шетелдік ғалымдар жүргізеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 10 оқу-әдістемелік кабинет, соның ішінде Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі кабинеті, Абай атындағы қазақ тілі кабинеті және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеті дайындалды. Сонымен қатар, оқытушылар мен студенттерге арналған 7 аудитория және коворкинг орталықтары ашылды.
ҚазҰУ филиалының ашылуы – Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Бұл жоба қос елдің мәдени және гуманитарлық байланыстарын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді.