Отандық "Томирис" фильмі Түркияда
Режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи картинасы 8-12 қараша аралығында Ыстамбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival фестивалінің тұсауын кесті. Қыркүйекте қазақстандық картина Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрларда көрсетілді, деп хабарлайды "Қазақфильм" баспасөз қызметі.
Биыл алғаш рет өткізілген Korkut Ata кинофестиваліне 13 елден 42 кинокартина қатысты. Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан және түркі әлемінің басқа да елдерінің кинематографистері тарихи және заманауи фантастика жанрында түсірілген үздік жұмыстарын, сондай-ақ деректі және анимациялық фильмдерін көпшіліктің назарына ұсынды.
Фестивальдің көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, ал деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі бақ сынады. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетілді. Сонымен қатар, фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағдарламасында Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көрсетілсе, ал «Заманауи фантастика» байқауында көрермендерге «Бегарс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсынылды
Автор: Мөлдір Адамжан
Фото: ашық дерек көздерінен