Отандық жас шахматшылар елге тарихи жеңіс сыйлады

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Лондонда өткен блиц шахматтан командалық әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесті.

11–15 маусым аралығында Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) ұйымдастырған жарысқа әлемнің 52 командасы қатысқан. Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, жекелей сында ұлттық құраманың шахматшылары 6 жүлде жеңіп алды, оның екеуі – алтын медаль.

Министр Ербол Мырзабосынов бұл жетістікті тарихи оқиға деп бағалап, Қазақстан шахмат мектебінің кәсіби деңгейінің артқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы бұқаралық спорт пен зияткерлік сайыстарды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – бүкіл халық үшін зор мақтаныш. Қазақстан шахматшылары әлемдік аренада өз орнын дәлелдеді, – деді министр.

Жоғары нәтижелері үшін Дармен Садвақаcов, Гүлмира Дәулетова, Алдияр Ансат, Елназ Қалиахмет және Ислам Айтен министрлік атынан алғыс хаттармен марапатталды. Оларға ақшалай сертификаттар да табысталды.

Сонымен қатар, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов елдегі шахматты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Кез келген жетістік – бұл мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі. Біз бұл қолдауды балалар шахматынан бастап, халықаралық турнирлерге дейінгі әр сатыда сезініп келеміз. Бұл бізге шабыт береді, – деді Тимур Турлов.

Атап өту керек, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарда 81 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 34 алтын, 21 күміс және 26 қола медаль бар. Бұл елдегі шахмат дамуының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

шахмат
Көбірек оқыңыз