Өзбекстандық «Шымылдық» фильмі қазақстандық экранда
Қазақстанда жаңа өзбек көркем фильмі «Шымылдықтың» тұсаукесері өтеді. «Шымылдық» фильмі Biz Media, Xon Films және «Mening yurtim» (My5) телеарнасының бірлескен жобасы. Фильм адамдар арасындағы қарым-қатынас пен құндылықтарды, өмір жолында кездесетін сынақтардан өткен кейіпкерлер тағдырын бейнелейді. Картинаны қазіргі өзбек кинематографиясының жаңа жетістігі ретінде бағалауға болады.
Сюжет бойынша, Тохир мен Зухра бір-бірін сүйіп үйленеді, алайда тұрмыстық келіспеушіліктердің салдарынан ажырасуға бел буады. Ажырасу туралы шешім қабылдаған соң, олар еркін өмірге үмітпен қарайды. Алайда таңертең олар әрдайым «Шымылдықтың» ішінде оянып отырады — бұл дәстүрлі өзбек балдахині енді өнер музейіне орнатылған нысан. Осы мистикалық оқиға арқылы режиссёрлер отбасының киелілігі мен тұрмыстық ұсақ-түйекке бола ажырасудың орынсыздығын көрсетеді.
Фильмнің премьерасы бұған дейін Ташкентте (4 сәуір) және Бакуде (10 сәуір) өткен. Картина Узбекистанмен шектелмей, халықаралық көрермендердің де қызығушылығын тудырды.
Басты рөлдерде: Дадахон Обидов, Ситора Алимджанова, Муҳаммадисо Абдулхаиров, Хосият Хусанова, Толиб Муминов, Муяссар Бердикулова және басқалар.
Фильмнің режиссёры — Шухрат Саломов, оператор — Зиёвуддин Султанов, суретші — Жамшидбек Махсумов, композитор — Ҳабибулло Маманазаров, сценарист — Саидкарим Майрамов. Продюсері — Дадахон Обидов, бас продюсер — Қобулжон Ахмедов.
Көрсетілім 16 сәуір күні сағат 18:00-де Алматы қаласында (Әл-Фараби даңғылы, 77/8, Esentai Mall, 4-қабат, Кинопарк 31, №10 зал), ал 17 сәуірде Шымкент қаласында (Дулати көшесі, 202, «Hyper House» сауда орталығы, №4 зал) ұйымдастырылады.