Павлодар мен Қарағанды облысындағы өрт 45 мың гектар жерді шарлады
Қарағандының Павлодар облысымен шектесетін аумағынан келген қатты желдің салдарынан өрт шарлады.
Тілсіз жау Баянауыл аумағына дейін тарады. Тіпті, өрт сөндірушілердің өзі от құрсауында қалып, күйік шалған үшеуі ауруханада жатыр. Ал, 33 жастағы сержант Хали Хайрат қаза тапты.
Қазіргі уақытта Күркелі ауылдық округіне қарайтын Желтау бөлімшесі мен Бәйнеке қыстағында өртті сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Командалық орталығында жедел штаб құрылып, құтқарушылар тобына қосымша күш жіберілді. Өртті сөндіруге Қарағанды мен Павлодардан 183 адам, 56 арнайы техника және 4 тікұшақ жұмылдырылды.
Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдап, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Тұрғындарға тыныштық сақтап, жалған ақпараттарға сенбеу ұсынылады.