Қасым-Жомарт Тоқаев: әлеуметтік желілер үлкенді де, кішіні де "зомбиге" айналдырады
Мемлекет басшысы бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады.», – деді Тоқаев.
Тоқаев сондай-ақ еліміздің балалары математика, физика және басқа да пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда ең жоғары наградаларды алып жатқанын айтты. Мұндай дарынды балаларды қолдап, олардың ұстаздарын марапаттау өте маңызды екенін жеткізді.
"Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді."- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек балаларды цифрлық тәуелділіктерден қорғау және олардың дамуына нақты қолдау көрсету – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір ата-ананың да міндеті екенін атап өтті.