Қасым-Жомарт Тоқаев: “Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында”
Астанада 9 тамыз күні Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі және «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммиті өтеді. Осы оқиғалар қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты мақаласы жарық көрді.
Қазақстан Республикасының Президенті:
Орта Азия аймағы ғасырлар бойы қомақты табиғи ресурстарға, қуатты адами капиталға және бай мәдени-тарихи мұраға ие біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде әрекет етті.
Алдағы жылдары дамудың жаңа кезеңінде біздің алдымызда бірқатар маңызды мақсаттар мен міндеттер тұр.
БІРІНШІ. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Орталық Азияның айналасында күрделі әскери-саяси ахуал сақталып отырған қазіргі жағдайда қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласында бірлесе әрекет жасау қажеттігі туындайды. Өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру, оның ішінде Орталық Азияның қауіпсіздігіне байланысты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті.
ЕКІНШІ. Экономикалық әлеуетті дамыту және ынтымақтастықты тереңдету
Экономикаларымызды технологиялық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуелділіктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді.
ҮШІНШІ. Орталық Азия стратегиялық көлік-логистикалық хаб ретінде
Көлік қатынастарын кешенді түрде жақсарту (әуе рейстерінің жиілігін арттыру, жаңа әуе және теміржол бағыттарын іске қосу, шекарадағы өткелдерді жаңғырту, т.б.), инновациялық технологияларды енгізе отырып, көлік инфрақұрылымының қарқынды дамуын қамтамасыз ету, транзит мүмкіндіктерін кеңейту және өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері болашақта біздің елдеріміздің транзит-көлік саласындағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына айналуға тиіс.
ТӨРТІНШІ. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Жаһандық климаттың өзгеруінің салдарын азайтатын маңызды қадам – «жасыл» экономикаға көшу. Өңір елдерінде жаңартылатын энергетиканың өздеріндегі үлкен табиғи әлеуетін іске асыруға ұмтылыс бар. Мәселен, Қазақстан 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2060 жылға қарай біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниеттіміз.
БЕСІНШІ. Жас интеллектуалды ұрпақ.
Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барынша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына берілетін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр.
АЛТЫНШЫ. Мәдени-гуманитарлық байланыстар негізінде өркениеттік бірегейлікті қалыптастыру
Тарихи жадымыз – халықтарымыздың ұлттық сана-сезімінің мызғымас тұғыры. Біз ата-бабаларымыздың жетістіктерін және бай мәдениетімізді мақтан тұтамыз. Осы орынды мақтаныш қазір барша ұлттардың табысты дамуына, сондай-ақ олардың болашаққа сеніммен қадам басуына қуатты серпін береді. Сондықтан біз ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар аударуға тиіспіз. Орталық Азияның жалпы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа дереккөздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санаймын.
Президент сөз соңында өңірлік ынтымақтастықтың шынайы ахуал ғана емес, өмірлік қажеттілік екенін атап өтті