«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы көрерменге жол тартады
Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Қазақ қызы» атты деректі фильмдер топтамасының тұсаукесерін өткізді. Бұл жоба қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы жоғары білімді тұлғалардың ағартушылық қызметін көрсетеді.

Фильм кімдер туралы?
Деректі фильмдер топтамасы ХХ ғасырдың басында түрлі қиындықтарға қарамастан, білім алып, ағартушылықпен айналысқан қазақ әйелдерінің өмір жолына арналған. Жобада:
- Аққағаз Досжанова – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер
- Гүлсім Асфендиярова – медициналық жоғары білім алған алғашқы әйелдердің бірі
- Нәзипа Құлжанова – алғашқы мұғалім, этнограф, аудармашы, журналист
- Хұсни-Жамал Нұрлыханова – қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан қайраткер
Жоба авторы, журналист Әлия Әшім фильмнің басты мақсаты туралы:
"Әйел баласы тек қана ана, әже, сіңілі, қарындас емес, бұл – елдің қабырғасын қаласқан тұлға. Біз көбіне өнерде, саясатта, ғылымда танымал болған немесе жауға қарсы шапқан әйелдерді білеміз. Бірақ білім мен ілім жолында күрескен, ағартушылық майданда жүрген тұлғалар да болды. Біздің мақсатымыз – сол әйелдерді тарих сахнасына шығару".
Деректі фильм Қазақстан, Өзбекстан, Ресей елдерінің 10-нан астам қаласында түсірілді. Жобаға отандық және шетелдік 50-ден астам зерттеуші қатысты. Архивтік деректер негізінде бұрын-соңды жарияланбаған тың ақпараттар қамтылды.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай фильмнің тарихи маңызын ерекше атап өтті:
"Бұл фильм қазақтың алғашқы білімді қыздарының өмірі мен еңбегін қайта жаңғыртуға арналған. Біздің мақсатымыз – олардың есімдерін ұрпақ жадында қалдыру. Фильмді тарихи сериал ретінде де әзірлеу ойымызда болған, алайда түсірілім барысында кейіпкерлеріміз туралы деректердің өте тапшы екенін байқадық. Сондықтан бұл бағыттағы ізденістеріміз әлі де жалғаса береді"
Бұл фильм қазақ әйелдерінің ел дамуына қосқан үлесін, олардың білім мен ғылымдағы күресін көрсетуге бағытталған. Жоба авторы, журналист Әлия Әшімнің айтуынша, қазақ тарихында тек жауға қарсы шапқан батыр қыздар ғана емес, білім мен ағарту майданында күрес жүргізген әйелдер де бар.
«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы «Qazaqstan» телеарнасынан 8-9 наурыз күндері сағат 15:25-те көрсетіледі.