Қазақ қызы халықаралық өнер фестивалінде топ жарды

Қырғызстанда өткен І Дүниежүзілік «Рух-санаты» халықаралық фестиваль-байқауында Қазақстан атынан қатысқан Салтанат Қайратқызы жеке орындаушылар арасында бірінші орынды иеленді.

Дәстүрлі өнерге арналған ірі халықаралық байқауға 37 елден жүзден астам өнерпаз қатысқан. Қазылар алқасының құрамында әртүрлі елден келген музыка зерттеушілері, этнографтар мен кәсіби өнер шеберлері болды. Олар қатысушылардың шығарманы түпнұсқаға сай жеткізуі, дәстүрлі аспапты меңгеру деңгейі және ұлттық орындау мәнеріне ерекше мән берген.

Қазақстан намысын қорғаған Салтанат Қайратқызы Ерсұлтан – К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Бұған дейін ол «Анимациялық кино режиссурасы» мамандығын тәмамдаған. Қазір университеттің «Дәстүрлі ән» бөлімінде 3-курста оқып жүр.

Байқау барысында Салтанат Асан Қайғының толғауын, Нартайдың термесін және Елмұра Жаңабергеннің «Аралым» атты шығармасын орындап, қыл қобыздың үнін әнмен үйлестіріп, қазыларды тәнті етті.

Бұл жеңіс – жас өнерпаздың жеке табысы ғана емес, қазақтың дәстүрлі өнерін халықаралық деңгейде танытқан үлкен жетістік саналады.

тұлға
Көбірек оқыңыз